Аймақтар • 03 Шілде, 2018

Түркістан облысының тауар өндірушілері Астанада жәрмеңке өткізіп жатыр 

317 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкенттен Астанаға қарай сапарлайтындар саны бүгінде көбейе түскен. Жолға шыққандардың мұраты – мерей­тойға жету, елорда тұрғындарының қуанышына ортақтасу. Жылдам жеткісі келетіндер ұшаққа, асықпайтындар пойыз бен автобусқа алдын ала билет алып қойған. Бүгінде жолаушы тасымалдайтын пойыз бен ұшаққа билет табу қиын. Ал Түркістан облысының тауар өндірушілері Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай, елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізіп жатыр. 

Түркістан облысының тауар өндірушілері Астанада жәрмеңке өткізіп жатыр 

Алғашқы жәрмеңкеге қа­тыс­қан 50-ден астам кәсіп­кер, жалпы құны 122,8 млн теңге болатын 286 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін арзан бағамен саудалады. Атап айтқ­анда, 65 тонна ет өнім­дері, 101 тонна көкөніс, 18 тонна сүт өнімдері, 23 тонна жеміс-жидек, 18 тонна картоп, 20 мың дана жұ­мыр­тқа, 6 тонна балық, 5 тонна кеп­тірілген жеміс, 4 тонна түр­лі консервілер, 41 тонна бас­қа да өнімдер сатылымға шы­ғарылған. Облыс мереке аясында 5 рет жәрмеңке өткізбек. Осы аралықта түркістандық ша­­­руа­лар елордаға 14 753 тон­­на болатын ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдерінің 28 түрін жөнелтеді. Бұл орайда облыс­тан 35 ірі және қосалқы ша­руа қожалықтары мен кә­сіп­­орындары іріктеліп, дайын­дық жұмыстары күшейтілген. Сондай-ақ облыста «Астана­ның 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы өтуде. Яғни мереке қарсаңында облыс­та 20 нысан ашылып, ел игілігіне беріледі. Мы­са­лы, «Оңтүстік» индус­трия­лық аймағында орналас­қан «Шым­кент Темір» ЖШС-ның болат құю зауыты іске қосылады. Жал­пы құны 4,2 млрд теңге бо­ла­тын кәсіпорын жылы­на 240 мың тонна өнім шыға­руға қауқарлы. Өндіріс орны іс­ке қо­сылғанда 150 азамат жұ­мыс­п­ен қамтылмақ. Со­ны­­мен қатар Шымкентте ұлттық тен­нис орталығы, зообақ­тың «Сафари» бөлігі мен Астана даң­ғылының бойында гүл­зар­дың ашылу рәсімі өтті. Бұ­дан басқа мерейтой қар­са­ңында ел игілігі үшін облыс аумағында 4 балабақша, Шардара ауданында 10 пәтер­лі екі қызметтік тұрғын үй мен Төле би ауданында 20 пә­тер­лі бес қабатты тұрғын үй, ал Бәйдібек ауданында 1 пә­тер­лі 20 коммуналдық тұр­ғын үй құрылысы пайдалануға беріледі. Ал 1-6 шілде аралығында Түркістан қаласында «Яссы құс» шаруа қожалығының екінші кезеңі, сыйымдылығы 200 тонна болатын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын сер­вис­тік орталық ашылады. 200 орындық мәдениет үйі мен 600 орындық мектеп, 60 балаға шақталған «Ақкен» емдеу-сауықтыру лагері және спорт нысандары мен демалыс орындары да «Астана қаласының 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы барысында ел игілігіне тапсырылмақ.

Мұндай игі іске Шымкент қаласы да өз үлесін қосуда. Жуыр­да «Астана» шағын ауданы мен «Астана» гүлзары ашылды. Тұрғындарға шағын ауданнан жаңа пәтерлердің кілті тапсырылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған бұл үйдің пәтерлері әлеуметтік аз қамтылған отба­сылар мен жетімдерге және ұзақ уақыттан бері тұр­ғын үй кезегінде тұрған аза­мат­тарға берілді. Жалпы, қа­ла­ның әкімшілік-іскерлік орта­лы­ғында осы уақытқа дейін 90 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға бе­ріл­ген болатын. Қазіргі таң­да мұнда көп қабатты 27 үй салынуда. Енді бұл шағын ау­дан «Астана» деп аталады. Ал аумағы бір гектарға жу­ық «Астана» гүлзарында шы­­нар, каштан, қайың ағаш­тары мен түрлі гүлдер егі­ліп, орындықтар мен жарық­шам­дар, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылған.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Мүмкіндігі мол «smartlook»

Технология • Бүгін, 08:12

Ертеңгі күннің жобасы

Экономика • Бүгін, 08:02

Салаға арналған сан алуан өнім

Экономика • Бүгін, 08:01

Тоғанда тұқы өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 07:50